«Жасыл апта» республикалық экологиялық челленджі Петропавлдағы жүздеген оқушыны, педагогтер мен ата-аналарды біріктірді

Облыс орталығында «Жер амбассадорлары» және «Жасыл клубтар» жобалары аясында ұйымдастырылған «Жасыл апта» республикалық экологиялық челленджі өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шара алаңдарының бірі – Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектеп болды. Мұнда бастамаға 50-ге жуық оқушы, сондай-ақ мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.
Ұйымдастырушылар — әдістемелік орталық пен Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы.
Челлендждің басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау бағытындағы практикалық дағдыларды дамыту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеу.
«Жасыл апта» аясында өңірдің білім беру ұйымдарында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары кешенді түрде жүргізілді. Оқушылар мұғалімдермен және еріктілермен бірге сенбіліктерге шығып, мектеп аулаларын, саябақтар мен скверлерді тазалады. Сондай-ақ ағаштар мен бұталар отырғызып, аумақтарды қоқыстан және өткен жылғы жапырақтардан тазартты.
Сонымен қатар экологиялық сабақтар, тақырыптық сынып сағаттары мен дәрістер өтті. Мектептердің экологиялық клубтары мен еріктілер қозғалыстары макулатура мен пластик қалдықтарды жинауды ұйымдастырып, қоқысты бөлек жинау жүйесін енгізуге атсалысты.
№2 мектепте ерекше атмосфера қалыптасты. Мұнда оқушылар жасыл жейделер киіп, мектеп ауласында флешмоб биледі. Одан кейін ата-аналарымен бірге құс ұяларын жасап, оларды іліп, мектеп ішінде гүл отырғызумен айналысты.
Экологиялық бастамаға Әкелер кеңесі де белсенді қатысты. Оның өкілі Юрий Алексеевтің айтуынша, мұндай акцияларға қатысу тәрбиелік үдерістің маңызды бөлігіне айналған:
«Қазіргі таңда қаламызда «Жасыл апта» акциясы өтіп жатыр. Біз, Әкелер кеңесінің өкілдері ретінде, балалармен бірге белсенді қатысуды жөн көрдік — құс ұяларын жасап, басқа балаларға оны дұрыс жасау жолдарын түсіндіреміз. Табиғатқа зиян келтірмей, дұрыс әрекет етудің үлгісін көрсеткіміз келеді. Тіпті адамның болмашы аз ғана ісі қоршаған ортаға үлкен әсер етуі мүмкін», — деді Юрий Алексеев.
Ол сондай-ақ Әкелер кеңесі жақында ғана құрылғанына қарамастан, қоғамдық белсенділікке қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Өз пікірін 4 «В» сынып оқушысы Сабина Ержанова да білдірді:
«Біздің планетамызға не қажет? Мысалы, су көздерін ластамау, ағаш отырғызу, қоқысты арнайы орындарға тастау. Балалар да көп пайдалы іс жасай алады деп ойлаймын — үлкендерге де, басқа балаларға да үлгі бола алады. Әркім өзінен бастаса, біздің планетамыз әдемірек, таза әрі мейірімді болар еді», — деді Сабина.
«Жасыл апта» қорытындысы бойынша барлық білім беру ұйымдары атқарылған жұмыстар туралы бейнероликтер дайындады. Материалдар әлеуметтік желілерде жарияланып, қатысушылар өз еңбектерінің нәтижесін көрсетіп, қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлестерін бөлісті.
Акция қорытындысы бойынша эстафета Ұлытау облысына табысталды.
