Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Жыл басынан бері СҚО-ның 2 700-ден астам тұрғыны тегін құқықтық көмек алды

Жыл басынан бері СҚО-ның 2 700-ден астам тұрғыны тегін құқықтық көмек алды

September 1, 2026 19:10

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы Петропавл қаласы мен өңірдің 13 аудан орталығында кезекті ауқымды «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Тұрғындар алдын ала жазылмай-ақ заңгерлік кеңес алды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Акция барысында прокурорлар 138 өтінішті қарады. Тұрғындарды коммуналдық сала, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдер және инфрақұрылымды жөндеу мәселелері алаңдатқан.

Мәселен, Петропавлда тұрғындардың біріне банк картасынан қаражаттың негізсіз есептен шығарылуына қатысты мәселені шешуге көмек көрсетілді. Ал Ғабит Мүсірепов ауданында прокурорлар тұрғын үйді мемлекеттік қордан алу кезегінен азаматшаның заңсыз шығарылғанын тексеріп, оны қайтадан кезекке қойды.

Жамбыл ауданында Благовещенка ауылы тұрғынының көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша өтінішінен кейін елді мекенде 10 жарық шамы орнатылды.

Уәлиханов ауданында Көкшетау – Кішкенекөл автожолының ұзақ уақытқа созылған жөндеу жұмыстары прокуратураның бақылауына алынды.

Ал Айыртау, Шал ақын және Мағжан Жұмабаев аудандарында тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу тәртібі, қарызды мұрагерлікке алу және Мансап орталығына есепке тұру мәселелері бойынша түсіндірме берілді.

Жыл басынан бері «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында Солтүстік Қазақстанның 2 700-ден астам тұрғыны тегін заңгерлік көмек алды.

Тегін кеңес әр сейсенбі сайын өткізіледі. Петропавлда тұрғындарды қабылдау «Рахмет» сауда үйінде жүргізіледі. Ал аудандарда кеңес беру қызметі халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда үйлерінде, мәдениет үйлері мен ауруханаларда ұйымдастырылған.

Shares