Жылыту маусымы: Петропавлдағы нысандар мен үйлердің 90%-ына жылу берілді

Петропавлда жылыту маусымына қосылудың негізгі кезеңі сәтті аяқталды. Бүгінгі таңда қаладағы барлық нысандардың 90 пайызына жылу берілген. Бұл туралы «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады QZ NEWS.
Қазіргі уақытта жылу көпқабатты тұрғын үйлерге, балабақшалар мен бөбекжайларға мектептерге, ауруханаларға, білім беру және спорт нысандарына жеткізілген. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қалған тұтынушылардың қосылу көрсеткіші төмендегідей:
- Әлеуметтік-мәдени нысандар – 96,8%
- Жеке сектор – 90,2%
- Зауыттар мен өндірістік бірлестіктер – 79,8%
- Көлік және байланыс ұйымдары – 78,1%
- Құрылыс мекемелері – 55,6%
- Басқа нысандар – 78,2%
«Барлығы 4 467 тұтынушының ішінде, ПТС-пен келісімшартқа отырған 4 024 нысанға жылу берілді. Ал қосылмаған нысандардың иелері, әдетте, өтінім бермеген, себебі кейбірі жылыту маусымын кейінірек бастау арқылы үнемдеуді көздейді», – делінген хабарламада.
«Севказэнерго» АҚ өкілдері барлық нысандар қосылғаннан кейін жүйенің гидравликалық және температуралық режимін толық реттеу үшін шамамен үш апта қажет екенін еске салды. Бұл жұмыс қысым мен температураның тұрақтануына, соның нәтижесінде барлық ғимараттарда біркелкі әрі жайлы жылу таралуына мүмкіндік береді.
Жөндеу және реттеу процесіне тек ПТС мамандары ғана емес, нысан иелері мен қызмет көрсетуші ұйымдар да қатысуда. Тұрғындардан алғашқы апталарда температураның уақытша ауытқуына
түсіністікпен қарау сұралды.
