СҚО синоптиктері ауаны ластаушы заттардың жиналуын тіркеді
“Қазгидромет” РМК СҚОФ деректері бойынша Петропавл аумағында 18 ақпанда, сондай-ақ 19 ақпан күні түнде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар байқалды. Бұл жайтқа облыстық экология департаменті өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Желдің төмен жылдамдығына байланысты атмосфералық ауаның беткі қабатында ластаушы заттардың жиналуы байқалады. Олар жеке секторда қатты отынды жағу салдарынан және қаладағы өнеркәсіптік кәсіпорындардан таралады. Автокөлік қозғалысы да әсер етеді”, – деді СҚО экология департаментінің бөлім басшысы Дамир Жұмабаев
Қазгидромет деректері бойынша ағымдағы жылдың 9 күнінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар тіркелген.
“Экология департаментінің мамандары өлшеу жүргізу үшін қаланың ірі кәсіпорындарына тиесілі санитарлық-қорғау аймақтарына шұғыл түрде барды. Нәтиже белгілі. Петропавлда рұқсат етілген шекті концентрация нормативтерінен асып кету анықталған жоқ”, – деді СҚО экология департаментінің бөлім басшысы Дамир Жұмабаев
Бүгінгі таңда “Қазгидромет” РМК СҚОФ атмосфералық ауаның мониторингін 4 бекетте жүзеге асырады. Деректер “AirKz” қосымшасында қолжетімді.