Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқығын бұзу фактілері анықталды

Петропавлда мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқығын бұзу фактілері анықталды

Петропавл қаласы прокуратурасы мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарын өрескел бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін 34 кәсіпкерлік субъектісі  жауапкершілікке тарту мерзімінің өткендігіне қарамастан, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Петропавл қаласы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша лауазымды тұлғалардың заңсыз қаулыларының күші жойылды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласқаны үшін мемлекеттік органдардың 2 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жыл басынан бері прокуратура органдарымен 98 кәсіпкердің құқығы қорғалып, олардың пайдасына 107 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген, 35 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алулар бұзылды.

«Қазір Петропавл қаласының аумағында 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында прокуратурада Мобильді топ жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз. Оның міндеті – кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзу фактілері бойынша жедел ықпал ету, бұзылған құқықтарды қорғау және қалпына келтіру, құқықтық көмек көрсету. Мобильді топтың байланыс телефондары 8 (7152) 36-03-83, 8(705)8427306», – деп толықтырды прокуратура өкілдері.

Shares