Полицейлер су баспаған аймақтардың тұрғындарына үйлеріне оралуға көмектесуде
Петропавлда полиция қызметкерлері әкімдікпен және ТЖ департаментімен келісе отырып, Ойқала ауданының тұрғындарына су баспаған үйлеріне оралуға көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бүгінгі таңда Ойқала ауданының едәуір бөлігін әлі де су басып жатыр. Полиция, құтқарушылар, әкімдік қызметкерлері мен еріктілер өз жұмыстарын жалғастыруда. Тұрғындар, коммуналдық қызметтердің қызметкерлері, техник мамандар мен мүлікті бағалаушылар тәртіп сақшыларының ілесіп жүруімен қажетті мекенжайларға барып жүр.
“Полиция қызметкерлері екі ауысымда патрульдейді. Біз жасақтар санын азайтпаймыз. Қазіргі уақытта су кетіп жатқан учаскелердегі қызметкерлерді су басуы мүмкін аймақтарға ауыстырып жатырмыз. Тұрғындар да мұндай шектеу шараларына түсіністікпен қарайды. Бүгінгі таңда біз әкімдікпен және ТЖ департаментімен келісе отырып, бірінші және екінші толқын кезінде су баспаған үйлердің тұрғындарын баспаналарына өткізіп жатырмыз. Қазір олар заттарын әкеліп, үйлеріне көшіп жатыр. Жалпы, жағдай тұрақты, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Қалалық полицияның қызметкерлері бекеттердегі кезекшіліктен, жаяу және қызметтік көлікпен патрульдеуден бөлек, су басқан аймақтарда моторлы қайықтарға мініп тәртіпті қадағалауда.