Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Светлана Жақыпова Петропавл кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті

Светлана Жақыпова Петропавл кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС қызметімен танысып, «Қызылжар су» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Петропавл электротехникалық зауыты Қазақстандағы трансформаторлардың ірі өндірушісі болып табылады. Кәсіпорында  160 жұмыскер жұмыс істейді, олардың 40-ы жұмыс күші артық өңірлерден еңбек тапшылығына көшіру бағдарламасының қатысушылары болып табылады. Светлана Жақыпова оңтүстіктен солтүстікке көшкен жұмысшылар үшін жасалған еңбек және өмір сүру жағдайларын жақсы жағынан атап өтті. Ағымдағы жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына 712 адам қоныс аударды.

«Қызылжар су» ЖШС Петропавл қаласын сумен жабдықтауға және ағынды суларды қабылдауға маманданған, кәсіпорында 710 адам жұмыс істейді. Еңбек ұжымымен кездесуде ЕХӘҚМ басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге Министрліктің өз желісі бойынша көрсететін қолдау шаралары туралы айтты.

«ТЖ кезеңінде мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ 5,5 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмекті автоматты түрде тағайындау жүзеге асырылды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі мүгедектігі бар адамдарға қайта куәландыру мерзімдері, сондай-ақ тиісінше жеке абилитация және оңалту бағдарламаларын іске асыру мерзімдері ұзартылды. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу бұрын белгіленген топтар бойынша жүзеге асырылады. Төтенше жағдай кезеңінде ТЖ режимі жарияланған аудандар мен қалаларда субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан 8 мыңға жуық жұмыссыз адамның жалақысын еңбек ұтқырлығы орталықтары жұмыс берушілерден мәліметтерді талап етпей төлейді. Су тасқынынан зардап шеккен жастар микрокредиттеу бағдарламасы бойынша қарыз алушыларға микрокредиттер бойынша төлемдер кейінге қалдырылады, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары қаралады», – деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, Министр су тасқынынан келтірілген залалды өтеу бойынша барлық сұрақтарға жауап берді.

Кездесу соңында Светлана Жақыпова «Қызылжар су» ЖШС жұмыскерлеріне еңбегі мен батырлығы үшін алғысын білдірді, өйткені олар ТЖ кезінде азаматтарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етті.

Shares