Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да орман өртімен күресу үшін көлік пен жабдық жаңартылуда

СҚО-да орман өртімен күресу үшін көлік пен жабдық жаңартылуда

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман өртіне қарсы күрес технологияларын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Облыстың 11 мекемесінде биіктігі 20-22 метр болатын мұнаралар бар. Оларға өрт ошақтары мен өрттерді ерте анықтау үшін 16 интерактивті бейнебақылау кешені орнатылған. Сондай-ақ, орман қорын бақылау үшін 3 дрон қолданылады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы жергілікті бюджеттен қосымша 2 өрт сөндіру автомашинасын, 8 доңғалақты трактор, 12 квадракоптер сатып алуға 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Орман шаруашылықтарын нормативтерге қатысты материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша көрсеткіш 87% құрайды”, – деді СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Тәшімов.

Өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап облыс аумағында жалпы ауданы 3,4 га болатын құрғақ өсімдіктер мен қоқыстардың күйіп кету жайты 14 мәрте тіркелді. Орман және дала өрттері тіркелген жоқ.

“Мобильді топтармен 209 рейдтік іс-шара жүзеге асырылды, 43 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.

Ормандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, бұл – шамамен 40 мың теңге. Өткен 2023 жылы 61 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Орман өртінің туындауына әкеп соққан іс-әрекет жеке тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Shares