Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да алдын ала бағалау бойынша тасқын әкелген залал сомасы 2,9 млрд теңгені құрайды

СҚО-да алдын ала бағалау бойынша тасқын әкелген залал сомасы 2,9 млрд теңгені құрайды

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков пен Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков жұмыс сапарымен СҚО-ға келді. Олар су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысына қатысып, кәсіпкерлерді мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Меймандар алдымен Косогор шағын ауданында орналасқан жеке кәсіпкер Любовь Афанасова иелік ететін «Наш» дүкеніне ат басын тіреді.

«Дүкенімде 10 миллион теңгенің тауары түгелімен құрыды. Үйім де жарамсыз жағдайда. Арнайы бағалаушы мамандардың айтуынша, дүкеніме техникалық тексеру жүргізудің өзі 700 мың теңге болатынын айтты. Зейнетақы аударымына ай сайын 34800 теңгені төлеуді қиналып отырғанымда, мұндай қомақты қаражатты қайдан табарымды білмеймін. Оның үстіне баспанам жарамсыз қалғаннан соң пәтер жалдап тұруыма мәжбүрмін. Сіздерден менің жағдайымды түсініп, көмек берулеріңізді сұраймын», – деді кәсіпкер «Атамекен» ҰКП мен ҰЭМ өкілдеріне.

ҰЭМ департамент директоры Нұрбол Жаңабеков Ереже бойынша бағалау мен техникалық тексеру жұмыстарына қаражат төлеудің екі нұсқасы қарастырылғанын жеткізді.

«Кәсіпкер уақыт жоғалтпау үшін мүмкіндігі болса, бағалау компанияларын өзі жалдай алады. Кейін бұл шығындарды әкімдік өтеп береді. Егер мүмкіндігі болмаса, әкімдік өзі өтеп береді, бірақ оған бірақ уақыт кетеді. Басқа мәселелер бойынша қолыңызда мүліктің бүлінгенін растайтын құжаттарыңыз болса, онда барлық шығын мемлекет тарапынан өтеледі», – деді Нұрбол Жаңабеков.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбков бұл мәселені бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында көтеруге уәде берді. Сондай-ақ, Тимур Арсенұлы зейнетақы және басқа да аударымдарға қатысты «Атамекен» ҰКП мамандары аталмыш проблеманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына қойғанын жеткізді.

Әрі қарай Астанадан келген делегация Подгора шағынауданындағы «Дары моря» дүкені мен Тепличное ауылындағы жиһаз цехына барды. Мұнда да кәсіпкерлер бағалау мен техникалық тексеруге ақы төлеудің мүмкін еместігі, сондай-ақ зардап шеккен объектілерге электр қуатын қосу туралы сұрақтар көтерді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті энергетиктер электрмен жабдықтауды қайта бастамас бұрын олардың нысандарында жүргізілуі керек тексеру үшін ақы төлеуді сұрайды. Бұл да зардап шеккен бизнес үшін ауыр жүктеме болып отыр.

Көтерілген мәселелердің барлығын «Атамекен» ҰКП және ҰЭМ өкілдері СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановқа жеке кездесуде айтты. Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 188 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті (АӨК субъектілерін есептемегенде) зардап шеккен. Алдын ала бағалау бойынша залал сомасы 2,9 млрд теңгені құрап отыр.

Жиында аудандық және қалалық комиссиялар зардап шеккен бизнес өтініштерін әлі қабылдамай жатқаны туралы деген сұраққа облыс әкімінің орынбасары бұл комиссиялар кәсіпкерлер өтінішке дереу құжаттардың толық пакетін қоса беруі үшін бағалау мен техникалық тексеру жүргізуді күтіп отырғанын айтты. Сол деректер бойынша кейін өңірлік комиссия мүшелері өтініштерді қарайтын болады. Оған ҰЭМ өкілі қалалық және аудандық комиссияларға бұл құжаттардың қажет емес екенінтүсіндірді. Зардап шеккен кәсіпкерлердің ауызша айтқанынан алдын ала залал құнын көрсете отырып, кәсіпкерлердің өтінішін еркін формада қабылдау жеткілікті. Бұл фактіні растау үшін аудандық/қалалық комиссия мүшелерінің зардап шеккен объектілерге шығуы міндетті. Содан кейін әрбір объект бойынша хаттамалық түрде аудандық/қалалық комиссия қорытынды береді. Қорытынды өңірлік комиссияға жіберіледі.

Shares