Покровка ауылының тұрғыны жарамсыз үйі үшін несие төлеуге мәжбүр
«АМАNAT» партиясының қоғамдық қабылдауына Есіл ауданына қарасты Покровка ауылының 15 тұрғыны жүгінді. Олардың қатарында Инга Тодоровская да бар. Осыдан шамамен бір ай бұрын оның да үйі суға кеткен болатын. Баспанасы тұруға жарамсыз болса да, ол 14 жыл бойы несие төлеуге міндетті, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жас маман 2022 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Покровка ауылында үй алған. Баспананы бағалау кезінде сараптама тұрғын үйдің жарамды екенін растаған. Алайда уақыт өткеннен кейін шатыр мен терезелер бүлініп, іргетаста жарықтар пайда болған. Қабырғалар да сөгіле бастаған. Инганың айтуынша, бұл үй қазір тұруға жарамсыз.
«Менің үйім 15 жыл мемлекет кепілдігінде. Сондықтан мен оны сата алмаймын. Сондай-ақ, шартқа сәйкес баспананы таза ұстауым керек. Үйді қалпына келтіргенше дейін несие бойынша төлем кейінге қалдырылғанын естідім. Бірақ, өз қаржымды шығарып, қайта жөнеудің қажеті жоқ екенін түсіндім. Себебі, уақыт өте келе бұл тұрғын үй құлап қалуы ықтимал. Материалдық төлем жеткіліксіз. Мен үйді қайта бағалап, шешім қабылдағанын қалаймын», – дейді Инга Тодоровская.
Инга Тодоровская алдағы 14 жыл бойы 25,5 мың теңге көлемінде ай сайын несие төлеуі тиіс. «AMANAT» партиясының өкілдері бұл қиын жағдай екенін және мәселе заңгерлермен бірге мұқият қаралатынын айтты.
«Біз Мәжіліс депутаттарына және «министрлік деңгейінде» қойылатын сұрақтарды жазып алдық. Тұрғындардың бірі зардап шеккен аула ғимараттары үшін залалдың неге өтелмейтінін сұрады. Біз оны бақылауға аламыз. Жалпы бұл «Құқықтық көмек» жобасы бойынша су тасқынынан зардап шеккендер бойынша өткізіліп отырған 9-шы қабылдау. Қызылжар ауданының тұрғындары ең көп өтініш білдірді. Онда 18 ауылды су басқан», – деді Гүлфира Рамазанова.
Бұған дейін «AMANAT» өкілдері Есіл ауданына барған болатын. Николаевка және Петровка ауылдарында олар зардап шеккен 41 адамға әлеуметтік жәрдемақы алуға көмектесті.