Ғ. Мүсірепов ауданында су тасқынынан зардап шеккендер қоныс тойын тойлады
Ғ. Мүсірепов ауданындағы Новоишимское ауылында зардап шеккен 7 тұрғынға тұрғын үй сатып алу шығындары өтелді. Оларға 122 млн теңгеден астам ақша берілді. Қаражат “QYZYLJAR ASAR” корпоративтік қорларынан бөлінді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Алты үй мен бір пәтер сатып алынды. Меншік иелері су тасқыны кезінде зардап шеккен үйлерінің орнына тұрғын үй нұсқаларын өз бетінше таңдады.
“Мен ата-анамнан мұра ретінде қалған үйде тұрдым. Ол ескі еді. Маған сатып алған пәтер бірден ұнады. Екінші қабат, жөндеу жұмыстары жүргізілген, үш бөлмесі бар. Біз күйеуімізбен бірге тұрамыз, немереміз қонаққа келді. Жақын жерде емхана, дәріханалар, дүкен бар. Өте ыңғайлы”, – деді Новоишимское ауылының тұрғыны Любовь Кузнецова.
Келіп түскен өтініштерге сәйкес әрбір отбасына 100 АЕК-тен біржолғы төлем бөлінді. Оның жалпы сомасы 2 млн теңгеден асады. Сондай-ақ бүлінген жылжымалы мүлікке материалдық залалды өтеу бойынша өтемақы төленді. Оның да көлемі 2 млн теңгеден асады.