СҚО-да төрт шаруа қожалығының басшысы ауыл тұрғындарына көмектесу бойынша келісімге келді
Ғ. Мүсірепов ауданының әкімдігі ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасты. Қол қойылған құжат саны төрт дананы құрайды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Меморандум аясында “Намыс”, “Ақселеу”, “Буденное-СК” және “Астық-Привольное” ЖШС басшылары елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытуға, сондай-ақ жеке инвестиция құюға белсенді қатысу туралы міндеттемелер қабылдайды. Жалпы, биыл 1,6 млрд теңгеден астам сомасы бар 49 меморандумға қол қойылды”, – деп жазды Instagram парақшасында Ғ. Мүсірепов ауданының әкімі Руслан Аңбаев.
Келісімдерге қол қойылғаннан кейін төрт шаруашылық басшысы елді мекендер ішіндегі жолдарды жазғы және қысқы күтіп ұстауға, үйлер салуға, ауылдарды абаттандыруға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге және т.б. міндеттемелерді өз мойнына алды.