Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » “Таза Қазақстан” акциясы аясында 3 000 петропавлдық сенбілікке шықты

“Таза Қазақстан” акциясы аясында 3 000 петропавлдық сенбілікке шықты

Петропавлда “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Кезекті эко-акцияға облыс әкімі, Петропавл әкімі, жастар, еріктілер, тұрғындар, бюджеттік сала қызметкерлері, қоғам белсенділері мен бастамашыл қала тұрғындары қатысты. Жалпы, сенбілікке 3 000-ға жуық адам шықты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Бүгін Президентіміздің бастамасымен барлық жерде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы өтуде. Солтүстікқазақстандықтар бұл эко-акцияны алғашқы күннен қолдап келеді. Бүгін ауа-райы далаға шығып, жұмыс істеуге мүмкіндік беріп тұр. Бұл іс-шара облыс орталығында ғана емес, бүкіл аудандарда өтіп жатыр. Саяжолдар мен желекжолдар тазартылады. Тазартуға ақша бөлінуде. Акция адамдарға тұратын жерімізде тазалық орнауы керектігін еске салады. Су тасқынынан кейін ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ғимараттар бұзылуда, қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылуда. Акция басталғаннан бері 150 мыңға жуық адам аумақтарды қоқыстан тазартуға шықты”, – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Мещан орманы-Омбы тас жолындағы айналма жол- Қизатов көшесіндегі айналма жол. Сенбілікке қатысушылар осы бағыт бойынша жүріп өтті. Яғни, олар орман алқабы бойын қоқыстан арылтты.

“Сенбілік – азаматтарымызды біріктіруге көмектесетін маңызды және жақсы дәстүр. Жыл артқан сайын осы керемет бастамаға қосылғысы келетін адамдар саны көбейіп келеді. Бірсыпыра жастың сенбілікке шығуы – өте қуантарлық жайт. Осындай істер арқылы олардың бойында айналаға деген қамқорлық мәдениет қалыптасады”, – деді СҚО дін істері басқармасының бас маманы Нұртас Нұрмағамбет.

“Таза Қазақстан” республикалық акциясы солтүстікқазақстандықтарды экологиялық бастамаларға тартуға көмектеседі, облыс тұрғындары экологиялық іс-әрекет қалыптастырады, қоршаған ортаға ұқыпты қарау деңгейін арттырады.

Shares