Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » “Мерейлі отбасы”: Ақжар ауданының намысын қорғаған Хасеновтар отбасы СҚО-да үздік атанды

“Мерейлі отбасы”: Ақжар ауданының намысын қорғаған Хасеновтар отбасы СҚО-да үздік атанды

Петропавлда “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы өңірлік кезеңінің финалы өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Байқаудың облыстық кезеңіне облыс аудандарынан және Петропавлдан 28 отбасы қатысты. Байқаудың басты мақсаты – адамгершілік құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен некенің жарқын үлгісін көрсету, сондай-ақ ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру.

“Сіздерді облыс әкімі Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетовтың атынан «Мерейлі отбасы» байқауы облыстық кезеңінің аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жоба үлкен қолдауға ие және жыл өткен сайын еліміз бойынша байқауға қатысушы отбасылар саны да артып келеді. Бақытты балалық шақ, алаңсыз қарттық пен әрбір шаңырақтың шаттығы – мемлекет саясатының ең басты мақсаттарының бірі. Отан – отбасынан басталады» дегендей туған елге деген махаббат алдымен шаңырақтан бастау алады.  Сондықтан ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатындағы дәстүрлі байқаудың әр отбасы үшін маңызы зор”,- деп атап өтті ішкі саясат басқармасы басшысының м. а. Кемел Оспанов.

Отбасылық байқауда бірінші орынды Ақжар ауданынан келген Хасеновтар отбасы иеленді. Отбасында төрт бала бар. Хасеновтар отбасының иесі – Нұрқасым Оразұлы. Ол – “Аманат” партиясының депутаты, жергілікті блогер, әртіс, әнші, күйші, спортшы, әлеуметтік желілердегі “Түнгі шай”, “Ауылдың кеші көңілді”, “Шайхана”, “Ашылайық” атты түрлі жобалар мен бағдарламалардың авторы.

Екінші орын Тимирязев ауданынан келген Малқаровтар отбасына бұйырды, ал шалақындық Шумековтар отбасы үшінші орынға тұрақтады.

Байқауға қатысқан барлық отбасылар түрлі номинациялар бойынша дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Shares