Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » 2025 жылы өңірдің балық шаруашылығы саласында бірнеше жоба жүзеге асады

2025 жылы өңірдің балық шаруашылығы саласында бірнеше жоба жүзеге асады

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 1425 тонна тауарлық балық өсірілді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, біздің аймақтың негізгі бағыты – қоректі (жайылымдық) акваөсіру, атап айтқанда жылдық ақ балық аулау болып табылады. Балық табиғи жем-шөп ресурстарын пайдалану арқылы табиғи су объектілері мен су қоймаларында өсіріледі, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

«Тауарлық балықтың мына түрлері өсіріледі: тұқы, шортан, алабұға, ақ амур, форель, қарабалық. Балық шаруашылығы су айдындарының санын ұлғайту мақсатында ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен балық шаруашылығын жүргізу перспективасын белгілеу үшін 62 жаңа су айдынын зерттеуге 19 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 10-ға жуық балық шаруашылығы су айдындарын кәсіпшілік балық аулау түрінен балық өсіру нысанына ауыстыру жоспарлануда»,- деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов.

Ағымдағы жылы балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 20 млн.теңге бөлінді. Өтемақы бойынша субсидиялар ақ балық түрлерінің дернәсілдерін және олардың будандарын сатып алуға арналған.

Басқарма басшысының айтуынша, жыл сайын инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға қаражат бөлінеді. 2022 жылдан бастап осы мақсаттарға шамамен 45 миллион теңге бөлінді. Балық шаруашылығының екі субъектісі балықты сақтауға және бастапқы өңдеуге арналған жабдықтарды сатып алуға 3,5 миллион теңге көлемінде субсидия алды. 2025 жылғы қаңтардан бастап балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау және балық шаруашылығы субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау нысанында қолдау шараларын енгізу жоспарлануда.

«Біздің облыста үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар: Қызылжар ауданында 2025 жылы «Север Монтаж Автоматика» ЖШС тұйық сумен жабдықтау қондырғыларында қуаты жылына 25 тоннаға дейін бекіре балық өсіру кешенін құру; Мамлют ауданында 2025 жылға дейін «А.Н. Ухов» ЖК қуаты жылына 50 тоннаға дейін балықты өңдеу және консервілеу; Мамлют ауданында қуаттылығы жылына 20 тоннаға дейін «Петрофорель БШ ҒӨО» ЖШС форель шаруашылығы 2026 жылға дейін»,- деп толықтырды Бейбіт Исманов.

Shares