СҚО-лық студент пен үш колледж оқытушысы Францияда өтетін WorldSkills чемпионатына қатысады
Қазақстан ұлттық құрамасы 10-15 қыркүйек аралығында Францияның Лион қаласында өтетін 47-ші халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлағандай, WorldSkills чемпионаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және жастар арасында кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған. Биылғы жылы халықаралық чемпионатқа 65-тен астам ел мен аймақтан 1500 студент қатысады деп күтілуде, олар 62 құзыреттілік бойынша сайысқа түседі.
Қазақстан құрамасына 32 қатысушы, 30 сарапшы, сондай-ақ ресми және техникалық делегаттар енді. Солтүстік Қазақстан облысынан маңызға ие жаһандық жарысқа Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 3 курс студенті Виктория Шаболдасова аттанды. Ол – “Графикалық дизайн” құзыреттілігі бойынша WorldSkills 2023 республикалық чемпионатының жеңімпазы.
Ал сарапшы ретінде халықаралық чемпионатқа СҚО-дан Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжі директорының ІТ жөніндегі орынбасары Алтынай Жанбекова, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының ІТ жөніндегі орынбасары Сергей Козяйчев және аталған оқу орнының оқытушысы Серік Құлатаев аттанды.