Петропавлда ҚР Конституциясы күні кең көлемде аталып өтті
Қазақ сазды-драма театрында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиналғандарды мерекемен облыс әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Мереке күні бірқатар солтүстікқазақстандық Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен, сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды.
«Еліміз Конституцияға арқа сүйей отырып, өзінің тұтастығын сақтай отырып, күрделі сынақтардан сенімді өтті. Конституция Қазақстанның одан әрі дамуының кілті болды және болып қала береді. Бұл ретте негізгі заң заман талабына, қоғам сұранысына сай жетілдірілуі керек. Сондықтан да өткен жылы елімізде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Қазақстандықтар бекіткен өзгерістер еліміздің одан әрі даму бағытын айқындауға мүмкіндік берді», – деді аймақ басшысы.
Жаңбырлы ауа райы қала тұрғындарының қызықты шараларға қатысуына кедергі болмады. Облыс орталығының орталық алаңында «Еркіндіктің асқақ шыны – Ата Заң» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Облыстың үздік өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Сахнадан Отанға деген сүйіспеншілік туралы танымал әндер шырқалды. Сондай-ақ, орталық алаңда «Салт-дәстүр» фестиваль-байқауы өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер өздерінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсетіп, баршаға ұлттық тағамдарын ұсынды. Сонымен қатар, жақын маңда кез келген адам «Асық ату» ойынына қатысуға, дойбы мен шахмат ойнауға мүмкіндік алды.
Петропавл тұрғындары мен қала қонақтары «Конституциямен дос болу – заң бойынша өмір сүру» атты викторинада да өз білімдерін сынады. Тұрғындар арасында сауалнама қаланың ірі сауда үйлері мен адам көп жүретін көшелерінде жүргізілді. Дұрыс жауаптары үшін қала тұрғындары естелік сыйлықтарға ие болды. Ал Жеңіс саябағында ауа-райының қолайсыздығына байланысты мерекелік концерт тоқтатылды.