СҚО-да мүгедектігі бар адамдарға тиісті жағдай жасамаған нысан иелеріне 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында 678 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мемлекеттік бақылау шеңберінде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 2024 жылдың 8 айында мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 67 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 51 ұйғарым беріліп, 2 млн теңгеден астам сомаға 7 әкімшілік айыппұл салынды.
«2024 жылдың наурыз айында мен департаментке «Горизонт» сауда үйі мен «Квартал» бизнес-орталығында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілмеу мәселесі бойынша жазбаша ескертулермен жүгіндім. Менің өтінішім бойынша департамент қызметкерлері жоспардан тыс тексеру жүргізді, оның нәтижесі бойынша аталған ескертулерді жою бойынша шаралар қабылданды.
Бірінші топ мүгедектігі бар азамат ретінде мен Петропавл қаласы бойынша да, жалпы облыс бойынша да объектілерді бейімдеу мәселесі жақсы жаққа өзгеріп жатқанын көремін. Әлеуметтік нысандар мүгедектігі бар адамдар үшін де, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін де бейімделуде», – деді «Ардос – Жүрек» ҚБ басшысы, бірінші топтағы мүгедектігі бар Кәрім Ақжан.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.