Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да Кәсіподақтар күніне орай 40-қа жуық адам марапатталды

СҚО-да Кәсіподақтар күніне орай 40-қа жуық адам марапатталды

10 қазанда елімізде Қазақстанның кәсіптік одақтар күні атап өтіледі. Бұл күні Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы мен облыстық салалық кәсіподақтар салтанатты жиналыс өткізді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, салалық басқармалардың басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, әлеуметтік әріптестер, жұмыс берушілер, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, облыстық, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

“Біздің облыстың кәсіподақ орталығы – әлеуметтік әріптестіктің белсенді қатысушысы. Барлық кәсіподақтарға күнделікті еңбек үшін алғыс айтамын. Зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, барлық бастамаларыңызға табыс тілеймін”, – деді салтанатты жиында СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.

Салтанатты шараға қатысушылардың 40-қа жуығы түрлі дәрежедегі наградалар, атап айтқанда, медальдар, құрмет грамоталары, алғыс хаттар, естелік сыйлықтар алды. Олардың әрқайсысы Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ қозғалысын дамытуға сүбелі үлес қосты.

“Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандығы жылы деп жариялады. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын. Менің жекеменшік балабақшаларымда еңбек ететін қызметкерлер мен төлейтін демалысқа барады. Адамдар тиімді жұмыс істеу үшін күштерін қалпына келтіруі тиіс. Барлық әріптестерімді бүгінгі мерекемен құттықтаймыз, жұмыста табыс тілеймін”, – деді СҚО кәсіподақ орталығының мүшесі Балдырған Ілиясов.

Shares