СҚО-да физикалық қауіп-қатерге байланысты 12 бала отбасынан алынды
Балалар саласындағы құқық қорғау институтын нығайту мақсатында облыс прокуратурасының алаңында облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов пен Солтүстік Қазақстан облысындағы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Сұрағанованың кездесуі өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Іс-шарада өзара іс-қимыл, жедел ақпарат алмасу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты бірлескен көшпелі іс-шараларға қатысу және ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
“Жалпы, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты 1 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, 47 қадағалау актісі енгізілді, оларды қарау нәтижелері бойынша 18 527 тұлғаның құқығы қорғалды, 854 адам жауапкершілікке тартылды, 26 млн теңге сомасына залал өндірілді”,- делінген СҚО прокуратурасының хабарламасында.
Қадағалау органының мобильді топтары тәуекел тобына жататын және ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған бірқатар проблемалары бар 11 мыңнан астам отбасын тексерді. Прокуратураның талабы бойынша Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарында 44 қолайсыз отбасын қарады, физикалық қауіп-қатерге байланысты 12 бала отбасынан алынды, 272 заңды өкіл балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.