СҚО-ның бизнес-ханымдары Петропавлдағы тақырыптық кездесуде тәжірибе алмасты
«Туған жер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Петропавлда «Солтүстік Қазақстан облысы іскер әйелдерінің шабыттандырушы тарихы» тақырыбында тақырыптық іс-шара өткізді. Ол өңірдің кәсіпкер әйелдерінің жетістіктері мен табыстарына арналды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Біз “Әйелдер үшін экономикалық құқықтар мен мүмкіндіктерді насихаттау жөніндегі іс-шаралар кешені” жобасы бойынша қорытынды іс-шара өткізудеміз. Бүгін ең талантты, шығармашыл, еңбекқор әйелдерді жинадық. Олар – әйелдер қозғалысының белсенділері, әйелдер қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктерінің мүшелері, кәсіпкер және қарапайым іскер әйелдер. Кездесу әйелдер бизнесін қолдау мақсатында өткізіледі”, – деді “Туған жер” ҚБ өкілі Сәуле Оразова.
Шара аясында шеберлік сабақтары, нетворкинг, пікірталастар, жергілікті кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысқан 16 адам өздерінің жеке оқиғаларымен, тәжірибелерімен және табыс құпияларымен бөлісті. Олар естелік сыйлықтар, дипломдар және гүлдермен марапатталды.