СҚО-да полицейлер үш күн ішінде 20 мас жүргізушіні құрықтады
Өткен демалыс күндері СҚО полицейлері спирттік ішімдік ішіп алып көлік тізгіндейтін жүргізушілерді анықтау жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қарашаның алғашқы үш күні ішінде облыста “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оған 350-ден астам полиция қызметкері, мүдделі ұйымдардың өкілдері жұмылдырылды. Тексеру жұмыстары барысында 20 мас жүргізуші анықталды.
“Осындай күйде көлік жүргізу құқық бұзушыға да, қозғалыстың басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді. Жыл басынан бері облыс жолдарында мас жүргізушілердің кінәсінен 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан бір адам қаза тауып, 24 адам жарақаттар алды. СҚО ПД басшылығының тапсырмасы бойынша мұндай жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыс ұдайы жүргізіліп тұрады”, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Іс-шара барысында полицейлер жол жүрісі қағидаларының 800-ден астам түрлі бұзушылығын анықтады.