Ғ.Мүсірепов ауданында екі заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Возвышенка және Бірлік ауылдарында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың қатысуымен заманауи медициналық пункттер салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
2022 жылы Мемлекет басшысы ауылдық жерлерде медициналық көмекті жақсарту және дамыту мақсатында ауылдық елді мекендерді денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз ету жөніндегі Ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Осылайша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді.
Солтүстік Қазақстан облысында екі жыл ішінде 46 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарланған. 2023 жылы 8 нысан, 2024 жылы 38 нысан, оның ішінде Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы Бірлік және Возвышенка ауылдары да бар.
«Мекемелерді қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтауды көздейтін үлгілік жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бірлік ауылындағы ФАП құны 205 295 мың теңгені құрады. Возвышенка ауылындағы МП құны 185 973 мың теңге. Мердігер «ПМК-5» ЖШС. ФАП құрылысы көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырып, ауыл тұрғындарының қолжетімділігін қамтамасыз етеді», – деп атап өтті аудан әкімдігінде.