27 қарашада Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 27 қарашада Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Сапар барысында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Мемлекет басшылары бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы ХХ аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысады.
«28 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының кезекті отырысы өтеді. Қатысушы елдердің делегациялары аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылайды. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар қабылданады», – делінген Ақорданың хабарламасында.