СҚО-да нан-тоқаш өнімдері мен донаттар зауытының құрылысы басталды
Бүгін Петропавлда СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Bakerton» компаниясының басшысы Марина Баяндина мен “Bi Group” компаниясының акционері Айдын Майусовтың қатысуымен аймақтың тамақ өнеркәсібінде маңызды нысанға айналатын жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Qyzyljar” АЭА аумағында орналасқан зауыт нан-тоқаш өнімдері мен донаттар шығармақ. Қуаттылығы жылына 13 000 тонна өнімді құрамақ, ресейлік компания 37 млрд.тг инвестиция құймақ. 379 жұмыс орны ашылады.
Жобаны салуға белгілі “Bi Group” құрылыс компаниясы кірісті. Зауыттың іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асыру жергілікті экономиканы дамытуға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға маңызды қадам болмақ.