Петропавлда патрульдік полиция қызметкерлері қысқа мерзімде 92 қылмыстың бетін ашты
Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмагулов Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен кездесу өткізді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Қоғамдық тәртіпті қорғау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет етеді. Олар тұрғындардың қоңырауларына жауап беріп, оқиға болған жерге бірінші болып жетеді.
«Жыл басынан бері облыс орталығындағы БПҚ қызметкерлері негізінен бұзақылық, дене жарақатын салу, тонау сынды 92 қылмыстың бетін ашты. Сондай-ақ олар қоғамдық қауіпсіздік саласындағы 5 мыңнан астам құқықбұзушылықтың анықтады, оның ішінде 2109 адам алкогольдік ішімдік ішкені немесе мас күйінде қоғамдық орындарға болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады СҚО ДП баспасөз қызметі.