Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда 45 көшеге асфальт төсеуге облыстық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді

Петропавлда 45 көшеге асфальт төсеуге облыстық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатындағы инфрақұрылымдық бағдарламаның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – жол төсемі. Қала басшысы Серік Мұхамедиев әкімдіктің кеңейтілген отырысында мәлім еткендей, 2024 жылы 28 шақырым қара жол асфальтталды – бұл 37 көше, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

2025 жылы «Бірлік» шағын ауданын қоса алғанда 45 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, оның 42-сіне алғаш рет асфальт төселеді. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінді.
«Осы мақсаттарды жүзеге асыруға қаржылай көмек көрсеткен облыс басшылығына алғысымды білдіремін», – деді әкім.

Қаладағы аулаларды абаттандыру жоспарлары да айтылды. 596 ауланың 254-нің жағдайы нашар  қанағаттанарлықсыз жағдайда.

«Гәуез Торсанұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша аула аумақтарын абаттандыру бойынша механизм әзірленді. Өткен жылы 8 кварталда жұмыс аяқталды – бұл шамамен 30 аула. Биыл 1,5 млрд теңге бөлінді, бұл сома 15 кварталдағы 50-ден астам ауланы абаттандыруға бағытталды», – деді Серік Мұхамедив.

Сондай-ақ биылғы жылы Қазақстан Конституциясы көшесін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыру басталады. Бұл қаланың бетке ұстар көшесі ғана емес, сондай-ақ оны әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі деп те атайды.

«Көшені кеңейту, жарықтандыруды жаңарту, тас төсеу, сонымен қатар жаңа архитектуралық элементтерді қосу жоспарлануда. Жасыл аумақтарға әсер етпейді. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Жобаның айтарлықтай бөлігі көше бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарына бағытталатын болады. Барлық бизнес нысандары бір архитектуралық стильде жобаланады. Жоба аясында кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен ғимараттарының қасбетін белгіленген талаптарға сәйкестендіруге міндетті. Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары көшелерге қызмет көрсету аймақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік алады», – деді қала әкімі.

Shares