Алаяқтар қазақстандықтарға сауалнамаға қатысып, танымал спорт дүкенінен рюкзак алуға шақырады
Facebook-та қазақстандықтарды сауалнамаға қатысып, Decathlon дүкенінен 1075 теңгеге рюкзак алуға шақыруда. Бұл акция француздық компанияның Қазақстанда 100 жаңа дүкенін ашу құрметіне өткізілетін көрінеді. Алайда бұл онлайн алаяқтар әрекетінің бір айла тәсілі, деп хабарлайды QZ News stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, шынайы компаниялар ешқашан жай ғана сауалнама өткізбейді. Олар әрқашан нақты аудиторияға бағытталған, ал қатысу уақыт және қатысушылар саны бойынша шектелген болады. Маңызды сәт — шынайы акциялар туралы ақпарат әрқашан ұйымдардың ресми беттерінде жарияланады.
«Декатлон Қазақстан» ресми сайтында сауалнамаға қатысу арқылы рюкзак ұтысын ұтып алу туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сол сияқты Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде де мұндай ақпарат жоқ. «Сыйлық алу үшін» алаяқтар 1075 теңге аударуды сұрайды. Олар бұл соманы сіздің адам екеніңізді тексеру үшін қажет деп түсіндіреді. Алайда бұл фишингтік сайт, және сіз төлеген кезде енгізген барлық деректеріңіз алаяқтардың қолына түседі. Осылайша, сіз тек ақшадан айырылып қана қоймай, сонымен қатар өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді, оның ішінде логиндер, парольдер, карта нөмірлері және CVC кодтары секілді ақпараттарды белгісіз адамдарға бересіз.
Сауалнамаларға қатысу арқылы жүлделер мен ақшалай сыйақы ұсыну — киберқылмыскерлер қолданатын ең танымал схемалардың бірі.