2025 жылдың шілде айында «Береке» шағын ауданында жайлы мектептің құрылысы аяқталады
Қазақстанда 2022 жылдан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама үш ауысымды оқыту және оқушылар орындарының тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған. Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жылы «Береке» және «Орман» шағын аудандарында 600 орындық екі мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды QZ News.
Мектептердің құрылысына Ұлттық қордан 4,1 миллиард теңге бөлінді. 2024 жылы құрылыс жұмыстарының аяқталуы үшін 6,4 миллиард теңге бөлінді.
«Орман» шағын ауданындағы 600 орындық жайлы мектептің құрылысы аяқталды, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары да толық жүргізілді. Оқу процесі 2024 жылдың 11 қарашасында басталды, қазіргі уақытта 1-11 сыныптар бойынша 452 оқушы және мектепке дейінгі даярлық сыныбында 16 бала білім алуда. Педагогтар саны – 42 адам, оның 5-і – қосымша жұмыс істейді.
«Орман» шағын ауданындағы жайлы мектеп жиһазбен, компьютерлік техникамен және интерактивті жабдықпен толық қамтамасыз етілген. «Береке» шағын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысын Петропавл қаласындағы «Единство» ЖШС жүргізуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 58%-ға аяқталды. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2025 жылдың шілде айы», – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафина.
Айта кету керек, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы орта жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Мектептерде пандустар, лифт, арнайы дәретханалар мен инклюзивті білім беру кабинеттері қарастырылған.