Петропавлда Kozybayev University “Кітап сыйла” акциясын өткізді
Петропавлда Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Кітап сыйла» акциясы өтті. Бұл бастама азаматтар мен жастар арасында кітап оқуды насихаттауға, сондай-ақ кітап алмасу мәдениетін дамытуға бағытталған, деп хабарлайды QZ News.
Акцияның ұйымдастырушысы – Манаш Козыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті. Акция аясында қатысушылар бір-бірімен кітаптар алмастырып, сыйлап қана қоймай, әлеуметтік желілерде өздерінің сүйікті шығармаларымен бөлісіп, оларды не нәрсе шабыттандырғанын айтып берді.
«Кітап — бұл әлемге деген көзқарасты өзгерте алатын құнды сыйлық. Біз осы акцияның адамдарға оқу қуанышын сыйлап қана қоймай, кітап мәдениетін нығайтуға да септігін тигізетініне үміттенеміз. Бұл акция — өз оқыған кітаптарыңмен алмасып, жаңа әңгімелерді ашу үшін тамаша мүмкіндік», — деді «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.
Кітап алмасу орны университеттің 6 корпусында ұйымдастырылды. Бұл шараға кез келген адам қатыса алды.