Су тасқыны-2025: Мүсірепов, Айыртау, Шал ақын және Тимирязев аудандары тасқынға қаншалықты дайын
Өңірде облыс әкімінің қатысуымен су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша аймақтық кеңестер жалғасуда. Бұл жолы отырыс Новоишимка ауылында өтіп, оған Мүсірепов, Айыртау, Тимирязев, Шал ақын аудандарының әкімдері мен жауапты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды QZ News.
Аталған аудандарда өткен жылғы су тасқынын ескере отырып дайындық жұмыстары жүргізілді. Шал ақын ауданында Ұзынжар және Қаратал ауылдарында қорғаныс бөгеттері нығайтылды, сондай-ақ Сергеевкадағы кәріздік сорғы станциясының айналасындағы бөгет 5 метрге дейін көтерілді.
Тимирязев ауданында Степное және Дзержинское ауылдарында қорғаныс бөгеттері күшейтілді. Айыртау ауданында осындай жұмыстар Елецкое, Янко және Айыртау ауылдарында атқарылды. Мүсірепов ауданында Шарық өзеніндегі Рузаевка ауылының айналасында айналма канал бөгетпен қоршалды.
Сонымен қатар, бұл аудандарда қарғын судың жол арқылы кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін 36 су өткізгіш құбыр орнатылды. Есіл өзені мен шағын өзендерде мұз жару жұмыстары жоспарланған. Жалпы, қала мен 8 ауданда 49 учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілмек, оған бөлінген қаражат былтырғыдан 5 есе көп. Бұл мұз кептелістерінің қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
«Су тасқынына бір-ақ ай қалды, барлық қызметтерге толық дайындықты қамтамасыз етуді тапсырдым», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желілерде.