СҚО-да әйел жалған ақпарат таратқаны үшін ауылдасына 100 мың теңге моральдық шығын төлейді
Мамлют ауданының сотына аудан тұрғыны моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен жүгінді, деп хабарлайды QZ News.
Сотта әйел ауылдасының жалған ақпарат таратуы салдарынан кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапқа тартылғанын айтты. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-3-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкерге қатысты қабылданған әкімшілік құқықбұзушылық туралы сот қаулысы заңды күшіне енгендіктен, талапкер соттан моральдық зиянды өтеуді сұрады.
«Сотпен жауапкердің талапкерге қатысты оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын жалған ақпаратты таратқаны дәлелденді, яғни оны «ұрлықшы» деп атап, дүкендегі ұрлықтарда айыптағаны анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша жауапкер соттың заңды күшіне енген қаулысымен кінәлі деп танылып, айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды», — делінген Мамлют аудандық сотының хабарламасында.
Жауапкердің заңсыз әрекеттері нәтижесінде талапкерге моральдық зиян келген, ол жауапкердің заңсыз таратуы арқылы оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірілген.
«Сот талапты ішінара қанағаттандырды. Жауапкерден 100 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу және өкілдің қызметтеріне 50 000 теңге шығын өндірілді. Соттың шешімі заңды күшіне енді», — деп хабарланды аудандық сотта.