СҚО-да кәмелетке толмаған қызына зорлық көрсеткен әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қызына сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасады деп айыпталған әкеге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды QZ News соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың маусым айында сотталушы жас қыздың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оған сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің алдын ала жазып алынған куәлігімен, фотосуреттермен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.
Сот мәліметінше, прокурор, жәбірленушінің заңды өкілі және оның өкілі сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал сотталушы мен оның қорғаушылары тағылған айыппен келіспей, оны ақтауды өтінген.
«ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бұл қылмыс үшін тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.