“Таза Қазақстан”: Солтүстік Қазақстан облысының әкімі өңір тұрғындары мен бизнес-қоғамдастықты экологиялық ұстанымды белсенді қалыптастыруға шақырды
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында республикалық “Таза Қазақстан” акциясын жүзеге асырудың қорытындылары шығарылды. Акция басталғалы өңірде 271 абаттандыру шарасы ұйымдастырылып, 2,8 мыңнан астам экологиялық акция өткізілді, деп хабарлайды QZ News.
Сенбіліктерге 158 мыңнан астам адам, 6,1 мың бизнес субъектісі және 63 өнеркәсіптік кәсіпорын қатысты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 578 тарихи-мәдени ескерткіш, 200-ден астам саябақ пен сквер, 23 субұрқақ санитарлық тәртіпке келтірілді. Қоқыс жинауға 2,4 мың техника бірлігі тартылып, 53 мың аула аумағы тазартылды, 167 мың тонна қалдық полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, 34 мың ағаш пен 3,2 мың бұта отырғызылды.
Мемлекет басшысы “Таза Қазақстан” – бір реттік акция емес, қоғамда экологиялық мәдениеттің жаңа стандарттарын енгізуге бағытталған жалпұлттық міндет екенін атап өтті. Өңір басшысы бизнес-қоғамдастықты, депутаттарды, қоғамдық пікір көшбасшыларын, үкіметтік емес ұйымдар мен өңір тұрғындарын экологиялық ұстанымды белсенді түрде қалыптастыруға, қоршаған ортаны сақтауға және “Таза Қазақстан” акцияларына белсенді қатысуға шақырды.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі мемлекеттік органдарға экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету, ағаш отырғызу мен аумақтарды тазарту жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырмалар берді. Сондай-ақ, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше мән берілді.