Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавл әкімі халық алдында есеп беріп, тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді

Петропавл әкімі халық алдында есеп беріп, тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді

Қалалық мәдениет үйінде Петропавл әкімі Серік Мұхамедиевтің халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Іс-шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Дәстүрлі іс-шара екі бөлімнен тұрды. Қала басшысы өз баяндамасымен ашып, атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, облыс орталығын дамыту, су тасқынына дайындық және Конституция көшесін қайта жаңарту жоспарларымен бөлісті.

Одан кейін сұрақ-жауап сессиясы өтті.

Серік Мұхамедиев бірнеше ондаған петропавлдықтың өтініштері мен шағымдарын тыңдады. Азаматтар өз сұрақтарын қағаз түрінде қалдыра алды, бұл үшін іс-шара өткен залда арнайы жәшік орнатылды. Сонымен қатар, есептік кездесу Instagram арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Тұрғындардың өзекті мәселелеріне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те жауап берді. Шамамен 30 қала тұрғыны сұрақ қойып, жан-жақты жауап алды. Кездесу барысында облыс орталығының даму жоспарлары мен негізгі мәселелер талқыланды.

«Биыл біз өткен жылы белгіленген даму қарқынын жалғастырамыз. Көркейту, инфрақұрылым, жолдар мен аулаларды жөндеу, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөлінуде. Кездесу барысында тұрғындар Петропавлдың одан әрі дамуы бойынша маңызды мәселелер мен ұсыныстар көтерді. Барлық ескертулер қала даму жоспарына енгізіліп, іске асырылады», – деді өңір басшысы.

Тұрғындарды ең көп толғандырған мәселелер – белгілі бір шағынаудандағы жарықтандыру, алдағы су тасқыны, саяжай учаскелерінің су астында қалу қаупі және қаланы абаттандыру болды.

Shares