Қазақстандағы блогерлер мен салық мәселесіне Жұманғарин пікір білдірді
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжіліс кулуарында Қазақстан блогерлері бүгінге дейін қанша салық төлегені туралы айтты, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Бұл – салық комитетінің тұрақты жұмысы. Тек осы жолы біз оның бір бөлігін, ішкі жағын сіздерге көрсеттік. Өйткені салықты оңтайландырумен ешкім айналыспайды, қосымша кіріс көздері ізделмейді деген сын өте көп айтылып жатыр. Мен тек салық комитетінің жұмыс істеп жатқанын айтқым келеді. Бұл жолы кейбір аспектілер, соның ішінде блогерлерге қатысты мәселелер жария етілді», – деді Серік Жұманғарин.
Министр соңғы деректерді де бөлісті:
«15 блогерге қосымша 1,5 млрд теңге салық есептелді, оның 75 млн теңгесі бюджетке төленді. Қазіргі таңда ірі салық төлеушілер мен құрылыс компанияларына қатысты жұмыстар жүріп жатыр – бұл тек салық комитетінің қалай жұмыс істейтінінің мысалдары ғана. Шын мәнінде, мұндай ескертулер (салық бойынша берілетін хабарламалар – ред.) өте көп», – деді ол.
Еске сала кетейік, Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) қазақстандық блогерлердің табысын төмендетіп көрсету фактілерін анықтаған болатын. 594 адам бойынша салықтағы сәйкессіздік сомасы 53,3 млрд теңгені құрады. Оларға берешекті өтеу немесе негізделген түсініктеме беру үшін 30 күн берілді.
Кейінірек МКК 93 қазақстандық блогерге жіберілген 169 хабарламаны кері қайтарып алғанын мәлімдеді. Бұған техникалық қателік себеп болғаны анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәжіліс кулуарында блогерлерге салық төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырыла ма деген сұраққа жауап берген.
Осы уақытта интернетте кейбір блогерлердің салық берешегі туралы деректері тарады. Бұл ақпараттың таралу фактісі бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр.
27 ақпанда белгілі болғандай, 594 блогердің 12-сі қосымша салық декларациясын тапсырып, 1,4 млрд теңге табысын көрсеткен. Олар 74 млн теңге салық төлеген.
28 ақпанда Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда қанша блогерге салықтық ескерту жіберілгенін хабарлады. Сол уақытқа дейін 854 блогерге табысты төмендетіп көрсету бойынша 71,9 млрд теңге көлемінде камералдық бақылау хабарламасы жіберілген.