Мемлекет басшысы СҚО-ның ветеринар дәрігеріне «Шапағат» медалін табыстады
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар әйелді мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды QZ News.
Президент еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген әйелдердің жемісті жұмысына жоғары баға берді. Ол қазіргі таңда әйелдердің көптеген салада табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан астамы, ал білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қызметкерлердің 70 пайыздан астамы – әйелдер.
«Көптеген отандастарымыз төтенше жағдайлардың алдын алу, әскери және құқық қорғау салаларында адал қызмет етіп келеді. Әйелдердің жауапты қызметтерді атқаруының саны артып келеді. Араларыңызда көптеген табысты басшылар бар. Қоғамның көркем бөлігі бизнес саласында да зор жетістіктерге жетуде. Сіздердің жасампаз энергияларыңыз бен мақсаткерліктеріңіз ең батыл идеяларды жүзеге асыруға көмектеседі. Қоғамдық қызметте азаматтық белсенділік танытып, халыққа қажетті әлеуметтік бастамалар мен маңызды жобаларды жүзеге асырып келесіздер. Сіздер кез келген іске жауапкершілікпен қарап, әрдайым оң нәтижеге жұмыс істейсіздер», – деді Мемлекет басшысы.
Марапатталғандардың қатарында солтүстікқазақстандықтар да бар. Президент «Шапағат» медалін Шал ақын ауданы Жаңажол ауылдық округінің ветеринар дәрігері Гүлмари Уайысоваға табыстады.