Петропавлда ауыз су беру бір тәулікке шектеледі
Петропавл қаласында бірінші 1көтергіш сорғы станциясын жаңғыртудың 1-кезеңі аяқталуына байланысты 2025 жылғы 12 наурыздан 13 наурызға дейін (бір тәулікке) ауыз су беру уақытша шектеледі. Бұл туралы «Қызылжар су» ЖШС хабарлады, деп жазады QZ News.
«Бұл ажырату екі жаңа еуропалық «Grundfos» суасты сорғысын жұмыс істеп тұрған су жүйесіне қосу үшін қажет. Бұл – су құбырының тазарту құрылыстарына су жіберуге арналған негізгі сорғылар. Олар су басу жағдайында да жұмыс істей алады және жергілікті әрі қашықтан басқару мүмкіндігі бар», – делінген компания хабарламасында.
Су беру 2025 жылғы 12 наурыз күні сағат 22:00-де тоқтатылып, 13 наурыз күні сағат 22:00-де қайта қосылады.
Компания тұрғындарға келесі ұсыныстарды жеткізді:
1. Алдын ала ауыз судың қажетті қорын дайындап алыңыз.
2. Су шектеу кезінде оны үнемді пайдаланыңыз.
3. Ресми ақпарат көздеріндегі қосымша хабарландыруларды бақылап отырыңыз.
Шектеу кезеңінде әлеуметтік нысандарға су тасымалдау ұйымдастырылады.
«Ауыз су шектеуі – уақытша шара. Барлық жұмыстар тұрғындарға ең аз қолайсыздық тудыратындай етіп, қысқа мерзімде жүргізіледі. «Қызылжар су» және монтаждау ұйымының мамандары суды штаттық режимде мүмкіндігінше тезірек қайта қосу үшін бар күшін салады. Жүйені сумен толтыру және желідегі қысымды тұрақтандыру үшін біраз уақыт қажет болады», – деп мәлімдеді компания.