Петропавловск
+21°C
Главная страница » Қазақстан » Алматы әуежайында қылмыскердің қаруын тартып алған Мұса Әбдрайым «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Алматы әуежайында қылмыскердің қаруын тартып алған Мұса Әбдрайым «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Әбдрайым Мұса Сайранбайұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды QZ News.

Tengri Life мәліметінше, Алматы әуежайында қылмыскерді залалсыздандырып, кепілдегі адамды құтқарған батыр – 52 жастағы Мұса Әбдрайым. Ол Қазақстандағы танымал “Жігіттер” тобының продюсері Ерғали Әбдрайымның туған інісі және әнші Бағлан Әбдрайымның ағасы.

Бұл ерлікке оның бауыры барғанын Ерғали Әбдрайым Қостанайда жүргенде ғана білген. Оның айтуынша, сол күні таңертең “Жігіттер” тобымен бірге концертке ұшып кеткен. Ұшақ жерге қонған сәтте продюсерге “Мұса – сіздің бауырыңыз ба?” деген ондаған қоңырау түсе бастаған.

«Бірден алаңдап қалдым: ол не істеді екен? Сөйтсем, бүкіл ел құрмет тұтатын нағыз ер азаматқа лайық іс жасапты! Біз жеті ағайындымыз, бір қарындасымыз бар. Ең кенжеміз – Әбдрайым Мұса Сайранбайұлы, ол 1973 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Қымызбастау ауылында туған», – деп жазды Ерғали Әбдрайым өзінің Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, Мұса кәсіби спортпен айналысқан әрі бес баланың әкесі.

«Ол – құрметті әрі абыройлы отбасы иесі. Бүгін жасаған ерлігі өздерін “нағыз еркекпіз” деп санайтын көптеген адамның қолынан келмес еді. Батыр болуды немесе ерлік жасауды ешкім жоспарламайды. Бірақ дәл сол сәтте дұрыс шешім қабылдап, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, өз өмірін қатерге тігіп, көмекке ұмтылу – нағыз батылдық пен асыл қасиеттің белгісі. Ол мемлекеттік марапатқа ұсынылды», – деп жазды продюсер.

Оқиға қалай болды?

Еске салсақ, 7 наурыз күні сағат 11:45 шамасында Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалының (T1) ұшу алдындағы тексеру аймағына жолаушы кейпіндегі ер адам кірген. Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері одан құжаттарын көрсетуін сұраған. Алайда, ер адам тексеруші әйелдің шашынан тартып, оны пышақпен қорқыта бастаған. Белгілі болғандай, шабуыл жасаған азамат 67 жаста. Онымен келіссөздер жүргізу кезінде Мұса Әбрайым әуежай қызметкерінің орнына өзі кепілдікке алынуды ұсынған.

Шешуші сәтте ол қылмыскердің қолындағы пышақты жұлып алып, оны залалсыздандырған. Осылайша, шабуылдаушы ұсталып, кепілдегі әйел құтқарылды.

Shares