Петропавлда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 қазақстандық жауынгерді еске алды
7 сәуір күні, осыдан тура 30 жыл бұрын, 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында 17 қазақстандық жауынгер моджахедтермен шайқаста қаза тапты. Тағы 33 әскери қызметкер жарақат алды. Олар заңсыз қарулы топтардан шекараны қорғап, қару мен есірткіні өткізбек болған әрекеттерге қарсы тұрып, борышын абыроймен атқарды. Сол жауынгерлердің ерлігі мен батырлығын еске алу мақсатында Петропавл қаласында салтанатты шара өтті. Іс-шараны ҚР Ұлттық ұланы Академиясының алғашқы әскери қызметшілері мен 6637 әскери бөлімінің сарбаздары бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды QZ News.
Естелік стелласының жанында митинг-реквием өтті. Монументке қала мектептерінің оқушылары, әскери қызметшілер және қонақтар гүл шоқтары мен веноктар қойды. ҚР Ұлттық ұланы Академиясының әскери оркестрі де шараға қатысып, патриоттық әуендер орындады.
«1993 жылдың маусым айынан 2001 жылдың ақпанына дейін 10 мыңнан астам қазақстандық жауынгер ТМД-ның оңтүстік шекарасын қорғады. Қарулы топтармен орын алған қақтығыстарда 50-ден астам сарбаз қаза тауып, 300-ден астамы жараланды. Олар Отан тапсырмасын абыроймен орындап, кейбірі бұл жолда денсаулығын, тіпті өмірін қиды», – деді полковник Досан Күркенов.
Сонымен қатар, ардагерлерге ерлігі мен антына адалдығы үшін басшылық атынан алғыс хаттар табыс етілді.