СҚО полицейлері ЖҚЕ мен қоғамдық тәртіп бұзушылықтарды анықтау үшін дрондарды қолдануда
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жол жүрісі қағидалары мен қоғамдық тәртіп бұзушылықтарды анықтау үшін дрондарды қолдануда. Ұшқышсыз ұшу аппаратының камерасы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін, қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды QZ News.
Қоғамдық орындарда шылым шегу, абаттандыру ережелерін бұзу, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау сынды жиі кездесетін құқықбұзушылықтар нақты тіркеледі. Мұндай ереже бұзулар жол-көлік оқиғасы кезінде жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Қала сыртындағы жолдарда дрондар қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережелерін бұзу, жарықтандыру құрылғыларын дұрыс пайдаланбау сияқты заң бұзушылықтарды да анықтай алады. Тіркелген құқықбұзушылықтар жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне жіберіледі. Одан кейін тәртіп сақшылары тиісті әкімшілік шаралар қабылдайды.
«Қазіргі заманғы техникалық құралдарды полиция қызметінде пайдалану – “Заң және Тәртіп” қағидасын жүзеге асырудың маңызды бөлігі. Дрондарды пайдалану – айыппұл мен хаттама санын көбейту емес, басты мақсат – көше мен жолдарды әр азамат үшін қауіпсіз ету. Дрондар қауіпті жағдайларды ерте анықтап, қайғылы оқиғаларға жол бермей әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл – тұрғындардың өмірін тыныш әрі жайлы етуге бағытталған тағы бір қадам. Бұл жұмыс прокуратурамен тығыз байланыста жүргізілуде», – деп атап өтті СҚО полициясында.