Қазақстан әлемдегі ең арзан картоп сатылатын елдердің қатарына кірді
Қазақстанда картоп бағасы бір жылда бірден 74,4%-ға қымбаттады. Алайда осындай баға өсіміне қарамастан, еліміздегі картоп бағасы өзге елдермен салыстырғанда ең төменгі деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды QZ News NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Қаңтар-ақпан айларында қазақстандықтар картоп бағасының күрт өсуіне тап болды – кейбір қалаларда бір килограммы 400 теңгеден төмен түспей, баға өсуін жалғастырды.
Сол кезде картоп бағасының бақылаусыз өсуіне жол берілмеді. Бұл – мемлекет тарапынан қабылданған бірқатар қатаң шаралардың, соның ішінде картопты шетелге шығаруға тыйым салудың нәтижесі.
Дегенмен, картоп бағасы әлі де өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) соңғы мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда картоптың бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 74,4%-ға қымбат.
Қызығы сол – бағаның айтарлықтай өсуіне қарамастан, Numbeo порталының деректері бойынша Қазақстан әлемдегі ең арзан картоп сатылатын елдердің ондығына кіріп отыр. Ел орташа есеппен 1 келі картоп үшін 275 теңге төлеумен 9-орынға жайғасқан.
ТМД елдері ішінде Қазақстаннан арзан баға тек Өзбекстан (267 теңге) мен Беларусьта (232 теңге) тіркелген. Бұл елдер рейтингте сәйкесінше 7 және 5-орында.
Әлемдегі ең арзан картоп Пәкістанда сатылады – орташа бағасы бар болғаны 196 теңге. Ал ең қымбат картоп Макаода – бір килограммы үшін 2 278 теңге.
Айта кетерлігі, әлемдік рейтингте көрсетілген Қазақстандағы орташа баға отандық сарапшылардың деректерінен сәл жоғары. ҰСБ мәліметіне сәйкес, 15 сәуірдегі жағдай бойынша картоптың орташа бағасы 245 теңгені құраған.
Ең қымбат картоп Жезқазғанда – 363 теңге, ал ең арзан Қарағандыда – 178 теңге. Астанада – 240 теңге, Алматыда – 271 теңге, Шымкентте – 260 теңге.