СҚО-да ауыл тұрғыны 1 млн теңге алимент қарызы үшін әкімшілік қамауға алынды
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың аудандық соты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Іс ауыл тұрғыны М.-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған, деп хабарлайды QZ News.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, ауыл тұрғыны соттың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешіміне сәйкес шығарылған сот актісін орындамаған. Бұл шешімге сәйкес, ол кәмелетке толмаған балалардың қамқорлығына алынған адамға пайдасына барлық табыс түрлерінің 1/3 бөлігін алимент ретінде төлеуге міндеттелген.
Кәмелетке толмаған баланы асырауға арналған алимент бойынша қарыз сомасы борышты айқындау туралы қаулыға сәйкес 1 145 132 теңгені құраған.
«Сот отырысында М. өз кінәсін толық мойындады, жұмыс істемейді, ата-ана құқықығынан айырылған, кәмелетке толмаған балалары әкесінің қамқорлығында, төленбеген айыппұлдары бар. Сот қаулысымен М. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасына тартылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді», – деп хабарлады Аққайың аудандық соты.