Креативті түн Петропавл таланттарын біріктірді
Петропавлда CREATIVE NIGHT іс-шарасы өтті. Мамырдың 3-нен 4-не қараған түні Qyzyljar Creative Center кеңістігі шабыт пен шығармашылықтың түнгі эпицентріне айналды. Ерекше форматтағы бұл іс-шараға креативті индустрияның жарқын өкілдері, орталықтың резиденттері, серіктестер мен өнерсіз өмірін елестете алмайтын жандар жиналды, деп хабарлайды QZ News.
«Креатив орталығының мақсаты – резиденттер арасында коллаборация орнату. Олар бір-бірін жақынырақ танып, қандай бағытта бірлесіп жұмыс істеуге болатынын түсінсе дейміз. Бұл – біздің алғашқы креативті түніміз. Сондықтан оны командалық рухты күшейтетін, еркін әрі шығармашылық атмосферада өткізуді жөн көрдік», – дейді Qyzyljar Creative Center жетекшісі Нұргүл Болатова.
Іс-шара әсерлі от шоуымен ашылып, қонақтарды бірден сиқыр мен энергияға толы ортаға жетеледі.
Орталықтың ішінде бірнеше шығармашылық және нетворкинг алаңдары ұйымдастырылды. Кеңістік әр қатысушының қызығушылығына сай аймақтарға бөлінді. Қонақтар үшін үстел ойындары ойналатын бұрыштар жасалып, “Ашық микрофон” (Open Mic) аймағында поэзия, ән немесе жеке оқиғалармен бөлісуге мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, қатысушылар үшін қалмауы үшін фуршет ұйымдастырылды.
Кеш барысында қысқаметражды және арт-фильмдер көрсетіліп, шығармашылық лоунж-аймақтарда креативті индустриядағы соңғы трендтер мен идеялар талқыланды.
«Идеясы өте тамаша. Менің ойымша, креаторлар еркін, бейресми ортада жиі жиналып, сөйлесіп, пікір алмасуы керек. Дәл осындай басқосуларда бірлескен жобалар туындайды және ең бастысы – жеке таныстық пен байланыс орнайды», – дейді дизайнер әрі орталықтың резиденті Айжан Колчина.
Петропавлдағы CREATIVE NIGHT қаланың шығармашылық әлеуеті қаншалықты күшті және көпқырлы екенін айқын көрсетті. Бұл оқиға талантты жандарды біріктіріп қана қоймай, аймақтағы креативті ортаға тың серпін беріп, орталықтың барлық шығармашыл тұлғалар үшін маңызды платформа екенін дәлелдеді. Өнерге, қарым-қатынасқа және өзін еркін білдіруге толы бұл түн ұмытылмас әсер қалдырып, жаңа жетістіктерге шабыт берді.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар мұндай Креативті түндерді дәстүрлі форматта өткізуді жоспарлап отыр. Бұл – шабытқа бөленіп, жаңа адамдармен танысып, қызықты идеяларды жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік.