Қытай көрермендерін таңқалдырды: «Sensitive» театры үш Гран-при жеңіп алды
Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан есту қабілеті нашар бишілердің «Sensitive» театры Қытайда өткен халықаралық байқауда көрермендерге үлкен әсер қалдырды. Театр тарихында алғаш рет ұжым үш бірдей Гран-при жеңіп алып, үш номинацияда үздік атанды, деп хабарлайды QZ News.
Байқауға Қытай, Чехия, Моңғолия, Болгария және Ресейден келген 700-ден астам биші қатысты. «Sensitive» – Қазақстаннан барған жалғыз ұжым болып, еліміздің намысын жоғары деңгейде қорғады.
Солтүстікқазақстандық бишілердің жүректі тербейтін өнері, жоғары кәсіби шеберлігі, таланты мен өзіндік ерекшелігі көрермендерді бей-жай қалдырмады. Ұжым иеленген үш Гран-при – соның дәлелі. Олар тағы да таланттың шекара танымайтынын көрсетті. Бұл жеңіс – өңірдің мәдени әлеуетінің жарқын көрінісі.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде бишілерді құттықтады.
«Бұл – зор жетістік, әр адамды шабыттандырып, мақтаныш сезіміне бөлейтін жеңіс! Жетекшісі Ольга Ростовщикова мен ұжымға жаңа жеңістермен, жарқын жетістіктермен мен сарқылмас шабыт тілеймін», – деп жазды өңір басшысы.
Айта кетейік, Петропавлдағы «Sensitive» би театры – Қазақстан мәденитіндегі ерекше өнер ұжымы. Бұл елдегі есту қабілеті нашар бишілер өнер көрсететін жалғыз театр.