Репродуктивті денсаулықты қорғау апталығы: СҚО тұрғындары тегін тексеруден өтіп, кеңес ала алады

2025 жылғы 12-19 мамыр аралығында Қазақстанда репродуктивті денсаулықты қорғау апталығы өтуде. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары осы бастама аясында маңызды ақпарат алып, тегін медициналық тексеруден өту мүмкіндігіне ие бола алады, деп хабарлайды QZ News.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Апталықтың мақсаты – халықтың, әсіресе жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық туралы, жоспарланбаған жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу жөнінде ақпараттандыруды арттыру.
Апталық барысында СҚО тұрғындары:
- Репродуктивті жүйе ауруларының алдын алу шаралары туралы біле алады;
- Репродуктивті денсаулықты сақтау жөнінде кеңес ала алады;
- Жүктіліктің алдын алу әдістерімен танысады;
- Жүктілікке дайындық (прегравидарлық дайындық) туралы ақпарат ала алады.
Солтүстік Қазақстан облысының медицина мекемелері апталыққа белсенді қатысуда. Қала мен аудан емханаларында ашық есік күндері өтіп, тұрғындарға тегін тексерулер мен мамандардың кеңестері ұсынылады.
«Облыста бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдер мен жасөспірім қыздарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. СҚО-да фертильді жастағы 120 мың әйел мен 28 239 жасөспірім қыз бар. Бедеулік мәселесіне тап болған отбасыларды қолдау мақсатында өңірде “Ансаған сәби” бағдарламасы сәтті іске асуда. Соның аясында 777 отбасылық жұпқа ЭКО-ға тегін квота беріліп, нәтижесінде 193 сәби дүниеге келді», – деді СҚО өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстың бас штаттан тыс акушер-гинекологы Елена Калюжная.
Оның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы босану және түсік жасау жағдайларының азаюы байқалуда. Бұл – медицина қызметкерлерінің, білім беру мекемелерінің және ата-аналардың бірлескен жоспарлы жұмысының нәтижесі.
«Өңірде әйелдер мен жасөспірімдерге медициналық көмек көрсетудің төрт деңгейлі жүйесі құрылған. Оған аудандық ауруханалар мен емханалар, Тайынша ауданаралық ауруханасы, облыстық перинаталдық орталық, қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы және республикалық орталықтар кіреді. Емханалар жанынан жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді, мұнда кеңес беріліп, жасөспірімдер мен экстрагенитальды патологиясы бар әйелдерге тегін контрацепция құралдары ұсынылады. Перинаталдық орталықта ұрықты қорғау орталығы және репродуктивті денсаулық мәселелерін шешуге арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді», – деп атап өтті Калюжная.
