Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Астык-Привольный» ЖШС — Солтүстік Қазақстандағы сүт шаруашылығын нығайтушы кәсіпорын

«Астык-Привольный» ЖШС — Солтүстік Қазақстандағы сүт шаруашылығын нығайтушы кәсіпорын

Солтүстік Қазақстан облысы заманауи кешендердің табысты жұмысының арқасында сүт өндірісін нығайтып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі — Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан «Астык-Привольный» ЖШС, деп хабарлайды QZ News.

2021 жылы пайдалануға берілген заманауи сүт кешені өңір үшін маңызды инвестициялық жобаға айналды. Құрылыстың жалпы құны – 1,7 миллиард теңге. Бастапқыда ферма 640 бас асыл тұқымды ірі қараға есептелген болатын, бүгінде мұнда 856 бас мал бар. Бұл – кәсіпорынның қарқынды дамып жатқанын көрсетеді.

«Фермада барлық өндірістік үдерістердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін 38 білікті маман жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кешенде тәулігіне 8 тоннадан астам сүт сауылады, ал әр сиырдан орташа тәуліктік өнім – 24 литр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген сүт көлемі 2,8 мың тоннаға жетті. Өнімнің негізгі өткізу серіктесі — жергілікті «Маслодел» ЖШС», – деді «Астык-Привольный» ЖШС-нің СТФ кешенінің басшысы Есләмбек Қасинов.

Кешен инфрақұрылымына екі заманауи сиыр қорасы мен бұзау өсіруге арналған ғимарат кіреді. Ерекше көңіл сауу залының технологиялық жабдықталуына бөлінген: мұнда жоғары өнімділік пен сүт сапасын қамтамасыз ететін заманауи неміс жабдықтары орнатылған.

Айта кетерлігі, фермадағы барлық өндірістік үдерістер толық автоматтандырылған. Чиптеу жүйесінің арқасында малдың жағдайы мен сүт өнімділігі тұрақты бақылауда ұсталады, бұл басқару шешімдерін жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Астык-Привольный» ЖШС-де мал азығымен толық қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның жер қоры – 10 мың гектар, оның едәуір бөлігі мал шаруашылығына арналған азық дайындауға қолданылады.

«Астык-Привольный» ЖШС-нің табысты дамуы — Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндірісі саласын нығайтудың маңызды қадамы. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға өз үлесін қосуда.

Shares