Петропавлдық тұрғын жалған нөмір таққаны үшін 3 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен айырылды
Петропавл қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жол жүру ережелерін бұзған азамат Р.-ға қатысты істі қарады, деп хабарлайды QZ News.
Соттың анықтауынша, 2025 жылғы 25 сәуір күні сағат 10:45 шамасында азамат Р. «Toyota Camry» маркалы автокөлікті жүргізіп келе жатып, көлік құжаттарына сәйкес келмейтін, әдейі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі — Т 028 РТМ-ді пайдаланған.
Сот отырысы барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, істі жедел қарауды және қаулының бірден заңды күшіне енуін сұрады.
«Сот Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігі (жалған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін пайдалану) бойынша азамат Р.-ны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Жалған мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері жойылуға жатады. Сот қаулысы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енді», – деп мәлімдеді Петропавл қаласының ӘҚБ жөніндегі мамандандырылған соты.