Владимир Крайсвитний еңбекте отбасылық дәстүрді жалғастыруда
«Солтүстік Қазақстан ЭЖТК» акционерлік қоғамында жұмыс істейтін мамандар – бұл өз ісінің нағыз жанашырлары, олар үшін энергетика – жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия. Солардың бірі – компанияның бас инженерінің орынбасары Владимир Крайсвитний. Оның энергетика саласымен байланысы бала кезден басталған, бұл таңдауға отбасылық дәстүр әсер еткен, деп хабарлайды QZ News «Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мен осы салада өстім деп айтуға болады», – дейді Владимир. «Әкем бұл кәсіпорында көп жыл еңбек етті: диспетчер, кейіннен Возвышенка аудандық электр желілері бойынша бас инженер, Возвышенка жөндеу-өндірістік базасында жұмыс істеді».
Сондықтан болар, болашақ энергетик кәсіпорынға келмей тұрып-ақ, ондағы көптеген қызметкерлер үшін таныс тұлға болған. Мамандық таңдайтын сәтте Владимирді қуана команда қатарына шақырды. 2007 жылы ол Возвышенкадағы жөндеу-өндірістік базасына жас маман ретінде қабылданып, тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда өсіп, бас инженердің орынбасарына дейін көтерілді.
Осы лауазымға ауысуын Владимир өзінің еңбек жолындағы маңызды әрі есте қаларлық кезең деп есептейді.
«Бұл мен үшін жаңа белес болды, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, оның ішінде Петропавл қаласына көшу де бар», – деп бөлісті ол.
Бүгінде оның міндетіне өндірістік бөлімшелердің жұмысын бақылау, жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және компанияның сатып алу қызметін қадағалау кіреді. Алайда, Владимирдің айтуынша, ол ең көп ләззат алатын сәт – бұл стандартты емес техникалық мәселелерді шешу және энергетикалық нысандарда «далада» тікелей жұмыс істеу.
«Мен нысандарға шығуды және әріптестермен тікелей қарым-қатынасты өте ұнатамын. Энергетикада күнделікті бірсарынды жұмыс болмайды –күнде жаңа әрі күрделі міндеттермен бетпе-бет келесің. Сондықтан бұл салада үнемі білім алып, дамып отыру, жаңа технологиялық үрдістерден хабардар болу өте маңызды. Жас мамандарға әрқашан айтамын: күрделі жобалардан қорықпаңдар, белсенді болыңдар, кәсіби өсуді көздеңдер», – деп атап өтті Владимир Крайсвитний.
Қарбалас жұмысынан тыс уақытта Владимир табиғат аясында демалып, сүйікті ісімен – балық аулаумен айналысқанды ұнатады. Құралын алып, оңаша отыру – күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, күш-қуат жинауға көмектеседі. Ал шахмат пен дойбы секілді зияткерлік ойындар оның ойлау қабілетін ұштап, шешім қабылдау мен талдауды қажет ететін кәсіби қызметінде үлкен рөл атқарады.