СҚО-дан шақырылған сарбаз Абай облысында менингиттен көз жұмды
Абай облысында мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаз жылдамд дамитын бактериялық менингиттің гипертоксикалық түрінен көз жұмды. Ол әскерге сәуір айының соңында шақырылып, қызмет еткеніне бір ай да толмаған, деп хабарлайды QZ News kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 мамыр күні Аягөз қаласындағы орталық аудандық ауруханада мерзімді әскери қызметтегі сарбаз бактериялық менингиттің гипертоксикалық (жедел) түрінен қайтыс болды.
16 мамыр күні кешке сарбаз өзін жайсыз сезініп, дене қызуының көтерілуіне байланысты Аягөз әскери госпиталіне жатқызылған. Алғашқы тексерулер мен тағайындалған ем-домнан кейін жағдайы жақсармаған. 17 мамырда қосымша УДЗ, КТ сияқты зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша сарбаз Аягөздің орталық аудандық ауруханасына ауыстырылды.
18 мамыр күні оның жағдайы күрт нашарлап кеткен. Реанимация бөлімінде көрсетілген барлық медициналық көмек пен қарқынды терапияға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Қайтыс болған сарбаз Солтүстік Қазақстан облысынан 2025 жылдың 25 сәуірінде әскери қызметке шақырылған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Құрлық әскерлерінің басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
– Оларға барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті баспасөз қызметі.